Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтады, деп хабарлайды Zakob.kz.

"Құрметті отандастар!

Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген.

Республика күні ырысты ынтымақ пен өзара тілеулeстіктің арқасында халқымыздың барлық сын-қатерден сүрінбей өтіп, азаттыққа жеткенін әйгілейді. Біз бабалар аманатына адал боламыз. Ел бірлігін әрдайым нығайта береміз. Егемендігімізді қадір тұтып, көздің қарашығындай сақтаймыз.  

Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз Адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады.   

Біз бірге мақсатымызға  жетеміз –  баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз.

Байрағымыз көк аспанда асқақ желбіресін!

Ұлттың рухы қашанда биік болсын!

Еліміз өсіп-өркендей берсін!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!"

Айта кетейік, 25 қазан – Республика күні. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Кейін бұл күн мереке қатарынан шығып қалды. 

2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 13 жыл аталмай кеткен Республика күні ұлттық мереке ретінде қайта тойлануы керек екенін айтты.

"Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: