Павлодар облысының әкімі қарамағындағы қызметкерлердің бірін жұмыстан шығарды

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қарамағындағы қызметкер – "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" ММ басшысы Ержан Салхановты қызметінен босатты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Жетекшілік ететін мәселелерді шешуде әлсіз бақылау жасағаны үшін энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Салхановты қызметінен босату туралы шешім қабылдадым" – деп жазды Асайын Байханов.

Әкімнің сөзінше, ол 2023 жылғы 20 қараша күні кешкісін дауылдың салдарын жою мәселелері бойынша жиналыс өткізген.

"Сенбіден жексенбіге қараған түні облыстың 3 қаласы мен 6 ауданында екпіні 37 м/с дейін жеткен дауылды жел 83 әлеуметтік нысанның шатырын ұшырып, ағаштарды, аялдамаларды және т.б. құлатты. Зардап шеккен өңірлерде табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар жарияланып, келтірілген залалға бағалау жүргізілді. Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін мердігерлік ұйымдар анықталып жатыр".Асайын Байханов

Өңір басшысы электрмен жабдықтау желілеріндегі 246 апатқа және 100-ден аса электр желілеріндегі бағаналарға зақым келуге байланысты 117 елді мекен жарықсыз қалғанын атап өтті.

"Бүгінгі таңда облыстың 18 ауылы үш тәулік бойы электр қуатынсыз отыр. Бұл жол беруге болмайтын жағдай. "Павлодарэнерго" АҚ бас директоры Олег Щемельге жағдайды өзі қадағалап, ертеңге дейін өзіне бағынышты ұйымдардың жіберген олқылықтарын жедел жоюды тапсырдым".Асайын Байханов

Павлодар облысында 2023 жылдың 18-19 қарашасы аралығында күн райы күрт нашарлап, жел күшейді. Жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, соның салдарынан бірқатартөтенше жағдай тіркелген.

Ержан Салханов "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" ММ басшысы қызметіне 2021 жылғы 3 маусымда тағайындалған.

Павлодар
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: