Ақтөбеде тұрғын үйдің баспалдағы опырылып, тұрғын зардап шекті

Ақтөбеде баспалдағы опырылып түскен үйдің тұрғындары әкімдіктен баспананы "тұруға жарамсыз" деп тануды талап етіп отыр. Қос қабатты үйдің іргетасы шөгіп, қабырғалары қақырай бастаған, бірақ комиссия сараптамадан соң апатты нысандар тізіміне қоспапты.

Ал тұрғындар жөндеп, жамағаннан еш пайда жоқ дейді және ондай шығынды қалтамыз көтермейді деп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қос қабатты үйдің қабырғасын 60 жыл бұрын шлактан құйыпты. Ал баспалдағын ағаштан жасаған. Күні кеше осында тұратын Екатерина Новикова төмен түсіп бара жатқан кезде баспалдақ опырылып түседі. Келіншектің сүйегі сау, бірақ жамбасынан жарақат алып, миы шайқалыпты.

"Қызымды мектептен әкеліп, дүкенге бармақшы болғанмын. Баспалдақты басқан бойым еді, төмен қарай қоса құладым. Ағаштың астында қалып, көршілерімді айқайлап шақырдым. Жедел жәрдем бір сағаттай уақыттан соң келді. Осы баспалдақ шіріп, сықырлап тұрған еді. Ауыр салмақ түсірмей, тек бір-бірлеп өтетін едік". Екатерина Новикова

Баспалдақпен қоса, бұл үйдің төбесі де ескіріп, іргетасы да шөге бастаған. Әкімдіктен бастап құзырлы мекемелердің барлығына тұрғындар арыз жазыпты.

"Үйдің ішінде бәріне сызат түскен. Cолай. Жаңбыр жауса болды, төбеден су ағады. Қыста ылғал. Үй салқын. Енді ар жағын білмеймін. Бізге ешкім көмек бермейді. Мұнда тұрмысы нашар адамдар тұрады. Ең үлкен кісінің жасы 83-те". Светлана Шеркешбаева

Ал шенеуніктер қос қабатты үйді күтіп ұстауға тұрғындар міндетті деп отыр, бірақ опырылып түскен баспалдақты демеушілердің көмегімен темірден жасап бермекші. Кейінгі сараптама үйді "апатты" деп танымаған. Оған қоса, техникалық паспортты былтыр ғана әзірлепті.

"Демеуші тарапынан жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жақын арада бітіреміз. Қазір баспалдақты жөндейміз. Темірден жасатамыз. Бұл үйге сараптама жүргізілген. "Апатты" деп танылмаған, яғни модернизацияға тапсырған, тұрғын үй инспекциясына. Қазір ол құжаттар қаралып жатыр". Астана ауданы әкімінің орынбасары Жақсат Төлегенов
Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: