"Осыншама кедергілерге қарамастан еңбек азаматтары әрекет етуден тоқтаған жоқ" деген депутат "бұл – біздің халқымыздың еңбек етуге деген, жақсы өмір сүруге деген талпынысы" екенін алға тартты.
"Ал талпыныс бар жерде нәтиже де болады. Президент тапсырма бергеннен кейін Жамбыл өңіріндегі ауыр жағдайға байланысты шаруалар қауымының шығынын азайту үшін Үкімет қаражат бөлді. Түсінген адамға ол да үлкен демеу."Бәйтерек" холдингі арқылы еңбек адамдарының несиелері мен қарыздарын қайтарудың мерзімі кезекті рет алға жылжытылды. Қазір қарап отырсам, осы жеңілдікке мыңнан астам тауар өндіруішінің қолы жеткен екен", – деп жазды Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжазаров Facebook желісіндегі парақшасында.
Ол шаруаларды субсидиямен қамтамасыз ету үшін қосымша 90 млрд теңге қаржы бөлінгенін баса айтты.
"Бұл енді тікелей Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасымен іске асқан жұмыс. Президентіміздің тапсырмасы аясында Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардың өнімін сатып алуға қатысты қаншама оң қадамдар жасалды. Оны да айтып өтпесек болмайды. 31,3 млрд теңге. Бұл қаражат тікелей бидайды сатып алуға бағытталған. Мұның барлығы да біздің азаматтардың 2024 жылғы егістік науқанына дайын болуы үшін қолға алынған бастамалар еді. Ал бұл қаражат бөлінбегенде не болар еді? Жақсы нәтиже көрмейтініміз анық"…Айдарбек Ходжаназаров
Депутат ішкі өнімнің 8,2 трлн теңге болғанын айта келе, мал шаруашылығында да айтарлықтай жақсы көрсеткіштер бар екенін атап өтті.
"16.6 млн астық өнімі жиналды. Қайталап айтамын, мұның барлығы да біздің батыл да, еңбекқор шаруалар қауымының қол жеткізген нәтижесі. "Ауыл аманаты" бағдарламасы да көп шаруаға демеу болды десем, қателеспеймін деп ойлаймын. Иә, жалпы алғанда бағдарламаның орындалу механизмінде кемшін тұстары жоқ емес. Бірақ қай өңірге барсам да осы бағдарлама арқылы кәсібін бастаған немесе демеу көрген ауыл тұрғындарын кездестірмедім деп өтірік айта алмаймын", – дейді Айдарбек Ходжаназаров.
Депутаттың сөзінше, осыншама дүниенің барлығы шаруалар қауымына ең бірінші кезекте Президент тарапынан жасалған үлкен қамқорлық деп қарауға болады.
"Алдағы жылы биыл бағындыра алмаған белестерге қол жеткіземіз деп кәміл сенемін. "Болмайды", "жоқ" деп айтуға аузым бармайды. Түбінде айтқан сөзіміздің заттанатынын ескерсек, оң өзгерістер болуын қаласақ, ендеше айтқан әңгімеміз де түзу болуы керек шығар. Үміт бар жерде бәрі де қалпына келеді деп сенемін. Бастысы ел іргесі тыныш, жұртымыз аман болса екен деймін", – деп түйіндейді ойын мәжілісмен.