Тоқаев FAO директорына Алматының әйгілі апортынан дәм татқызды

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен кездесуінде Алматының әйгілі апортын таныстырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрпы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында Сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанның басымдықтары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.

Сурет: akorda

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде Қазақстан аймақта ғана емес, бүкіл әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті.

Сурет: akorda

Кездесу соңында Президент мазмұнды әңгіме-дүкен құрғаны үшін FAO басшылығына ризашылығын білдіріп, оны алдағы Халықаралық Астана форумына қатысуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: