Алматылықтар су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қолын созуда

Алматыда су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау пункті ашылды. Бірінші Орал мен Ақтөбе облысының тұрғындарына көмек көрсетіледі. Zakon.kz тілшісі штабқа барып, еріктілер мен елдегі жайтқа бей-жай қарамайтын қала тұрғындарының жарыса жасаған жақсылығын көріп қайтты.

Таңертеңнен бастап алматылықтар үлкен пакеттермен, қораптармен және өмірге қажетті заттармен толтырылған үлкен-үлкен қаптармен Байтұрсынов көшесі 22/1 келіп жатты. Мұнда 29 наурыздан бастап су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылған болатын. Көмекке құштар жандар үшін қауымдастық орталығының есіктері сағат 19.00-ге дейін ашық.

Сурет: Zakon.kz

Сурет: Zakon.kz

Алматы еріктілер фронт-офисінің басшысы Бағдат Анарбаева гуманитарлық көмектің тізбесін берді:

Сурет: Zakon.kz

"Қысқа уақыт ішінде айтарлықтай гуманитарлық көмек жиналды. Нақты санау жүргізілуде, бірақ бізде 100 килограмнан астам ұнтақ өнім, 200 килограмм азық-түлік, 30 термос, 50-ден астам киім бар. Біз барлық өңірлермен байланыстамыз, бірақ бүгінде екі аймақта үлкен қажеттілік бар. Біз жинайтын нәрсені дәл осы зардап шеккен аймақтарға береміз деп ойлаймыз. Әдетте гуманитарлық көмекті әуе тасымалы арқылы жеткізетін. Бірақ, аталмыш мекендердің әуежайлары қиын жағдайда. Сондықтан тасымалдаудың басқа тәсілін қарастырып жатырмыз", - деді Бағдат Анарбаева.

Алғаш көмек көрсеткендердің қатарында көбіне-көп кәсіпкерлер болған. Олар жастар орталығына негізінен жаялықтар мен балалар тамағын әкелген екен және көпшілігі өз аттарын жасырын ұстауды өтініпті. Сонымен қатар, көмек көрсеткендердің қатарында қазақстандық джиу-джитсу федерациясының президенті Қанат Тілеуімбетов те бар.

"Мен желіде қазақстандықтардың су тасқынынан зардап шеккендерге өз заттарын бергенін көрдім. Менде шет қалғым келмеді, өзімнің таза киімдерімді алып келдім. Қазақстан - бірлігі жарасқан халықтар мекені. Осындай қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге көмек қолын созып, қиындықты бірге еңсереміз", - деді еңбек сіңірген жаттықтырушы.

Сурет: Zakon.kz

Сурет: Zakon.kz

Көмек көрсетуге қала тұрғындарынан бөлек, арнайы Алматы облысынан келген жанашырлар да бар. Соның бірі, ерлі-зайыпты Жексенбаевтар отбасы.

"Біз Іле ауданындағы Комсомол ауылынан келдік. Мұндай көмекті алғаш рет көрсетіп отырмыз. Елде мұндай трагедия болған кезде, әрине, қарап отыру мүмкін емес. Сондықтан да, азғантай болсын көмек ретінде отбасымызбен бірге киімдерді алып келдік", - дейді Айдын Жексенбаев.

Сурет: Zakon.kz

Сурет: Zakon.kz

Бүгінде қаладағы пункте 50 ерікті күн-түн демей қызмет етуде.

"Біз барынша барлық қайғылы жағдайда бірігіп, көмекке келуге тырысамыз. Мәселен, жаздағы Абай облысындағы өрт кезеңінде де қажетті жабдықтардың 2 тоннасын зардап шеккендерге жөнелткен болатынбыз. Бұл жолы масштаб одан да үлкен. Мейірімді жандар күнделікті таза киім, қажетті дәрі-дәрмектер, сондай-ақ азық-түлікті әкелуде. Біз пунктке келіп түскендердің барлығын мұқият тексереміз",- деп бөлісті 22 жастағы ерікті Нұржан Жасұзақов.

Сурет: Zakon.kz

Сурет: Zakon.kz

Су тасқыны болған аймақтарда бүгінде 20 мыңнан аса еріктілер жұмыс атқаруда. Ұлттық волонтерлік желінің жедел штабының су тасқыны жағдайы жөніндегі жұмысы шеңберінде еліміздің 20 өңірінің әрқайсысында волонтерлердің өңірлік фронт-офистерінің базасында call-орталықтар құрылды.

Зардап шеккендерге көмек көрсетуге және еріктілер үшін бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді:

+7 708 706 4242.

Ал өз үлесін қосқысы келетін алматылықтар төмендегі нөмірлер арқылы немесе Байтұрсынов көшесі 22/1 мекенжайына келіп көмек қолын соза алады.

  • +7 747 821 64 78;
  • +7 747 540 01 40
Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: