Павлодарда оқушыны соққыға жыққан екі жасөспірім сотталды

Павлодар облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі жасөспірімге қатысты алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен көрінеу кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдары бойынша былтыр 24 шілдеде сағат 18:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта екі кәмелетке толмаған сотталушы Торайғыров университеті стадионының аумағында жеке өшпенділік негізінде және алдын ала сөз байласумен бір оқушыны ұрып-соққан. Салдарынан зардап шеккен баланың денсаулығына ауыр зиян келген.

Сотталышулардың кінәсі жиналған дәлелдемелермен, жәбірленушінің айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындыларымен дәлелденді. Олар оқушының денсаулығына ауыр зиян келтіру деген айыппен келіспей, кінәні ішінара мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады.

"Екі жасөспірімге кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеумен әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - делінген сот үкімінде. 

Сондай-ақ, сотталушылардың заңды өкілдері моральдық зиянды өтеу үшін 3 миллион теңге өндіру қажет.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Павлодар
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: