Қадір түнін қалай өткізу керек

ҚМДБ мәліметіне сай, 2024 жылы қасиетті Қадір түні 5 сәуірден 6 сәуірге қараған түнге түсіп тұр, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қадір түнінің қасиеті

Түн жайлы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" баяндалған. Осы түні жасалған ғибадат мың айға, яғни сексен үш жылдың сауабына пара-пар.

Тағы бір деректерде "Қадір" сөзі "үкім түні" мағынасын береді. Сонымен қатар, "Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады", деген анықтама берілген.

Қадір түні қашан?

Қадір түні Рамазан айының қай түні екені жайлы екі дерек бар.

  1. Соңғы он күннің тақ түндері. Айша (Алла оған разы болсын) анамыз: "Қадір түнін рамазанның соңғы он күннің тақ түндерінен іздеңдер", – деген хадис жеткізген. Және Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен: "Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, қалған тоғызыншы, жетінші және бесінші түндерден іздеңдер", – деген риуаят бар.
  2. Жиырма жетінші түн: Ибн Омардан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер", – деген.

Сурет: Zakon.kz

Қасиетті түнін қалай өткізу керек?

Құлшылық етіп сауапқа кенелуге ең ұтымды кезең – қадір түні. Олай болса, осы қасиетті түнде қандай амалдар жасаған дұрыс?

"1. Намаз оқу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі", – дейді. 2. Дұға жасау. Айша анамыздан жеткен риуаятта ол былай дейді: "Уа, Алланың елшісі! Мен қадір түніне сәйкес келіп жатсам не деп дұға етейін?" – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сонда былай дейді: "Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш – деп айт." Сонымен қатар, Құран оқу, Алланы зікір ету, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту, садақа беру т.б. ізгі амалдарды істеген жақсы болады."ҚМДБ ресми сайтынан

Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн.

Еске салайық, мың айдан да қайырлы Қадір түні 5 сәуір күн батқаннан 6 сәуір сәресіге дейін жалғасады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: