Келтірілген деректерге сәйкес, 2023 жылы Қазақстанға тұрақты тұру мақсатында 25 387 адам келіп, ал елден кеткен адамдардың саны 16 094-ті құрады.
"Осылайша, 2011 жылдан кейін алғаш рет көші-қонның оң сальдосы тіркелді: 9 293 адам. 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы Қазақстанға келушілер саны 45,7%-ға өсті, ал елден кеткендер саны 33,3%-ға төмендеді", - деп хабарлады ұлттық статистика бюросы.
Шетелдіктер қоныстанған қалаларға келетін болсақ. Бұл, негізінен, Алматы қаласы (6 409), Маңғыстау (3546) және Қостанай (2367) облыстары.
Негізінен, Қазақстанға адамдар ТМД елдерінен көшіп келген. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 86,3%, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі 77,3% құрады.
Сондай-ақ, ұлттық бюро 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі көші-қонның өскенін атап өтті.
"Ел ішінде көшушілер саны 27,5%-ға артты. Халықтың көші-қонының оң сальдосы республикалық маңызы бар үш қалада байқалды: Астана (50 078 адам), Алматы (38 113 адам) және Шымкент (3 416 адам)", делінген ведомство хабарламасында.
1 наурызда Ұлттық статистика бюросы қазақстандықтардың саны қанша болғанын хабарлады.