Кездесу барысында, мемлекет басшысы Армения мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын және екі елді ортақ тарих пен ежелгі мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізілген келіссөздер барысында сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика салаларында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімдерді заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету, олардың жүзеге асырылуына парламенттер тарапынан бақылауды күшейту мәселесіне айрықша мән беру қажет екеніне назар аударды.
Кездесуде мемлекет басшысы елімізде өзінің бастамасымен ауқымды саяси жаңғыру үдерісі жүргізіліп жатқанын, онда парламентаризмді дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтты.
Сурет: akorda.kz
Қазақстан Президенті заң шығару органдары деңгейіндегі белсенді ықпалдастыққа көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің осынау маңызды бағыттағы қатынастарын дамытуды тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Ұлттық жиналыс Төрағасына ризашылық білдірді.
Айта кетейік, 15 сәуірде мемлекет басшысы Арменияға іссапармен барды. Қазақстан Президентінің салтанатты кездесу рәсімі Арменияның мемлекеттік резиденциясында өтті. Кейін Тоқаев пен Пашинян шағын құрамда келіссөз жүргізді. Артынша, маңызды бірқатар құжаттарға қол қойды.