Ведомства бүгінде облыс аумағында ҰОС-ның 4 қатысушысы тұратынын атап өтті.
"Бір реттік төлем алатындардың қатарында бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған 96 әскери қызметші, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамында болған адамдар қатарынан 1 адам бар. Олардың барлығы 100 мың теңгеден бір реттік төлемақы алады.",- деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
Сол сияқты Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы) қатарындағы 52 адамға 60 мың теңгеден, жалпы сомасы 3,1 млн. теңге беріледі.
"Оған қоса Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген), бірақ Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған 2332 адамға 60 000 теңгеден жалпы сомасы 139,9 млн. теңге төленеді."
Сонымен қатар, мерекеде басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан (Тәжік-Ауған аумағындағы әскери қақтығысқа қатысқандар - 240, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына қатысқандар - 7, Таулы Қарабақ этникааралық қақтығысына қатысқандар - 76) ардагерлер де назардан тыс қалмайды. Осы санаттағы азаматтарға 150 мың теңгеден жалпы сомасы 48,4 млн. теңгеден астам бір реттік материалдық көмек беріледі.
"Жалпы 2024 жылы жергілікті бюджеттен біржолғы материалдық көмек төлеуге барлығы 2808 азаматқа 207 190 000 теңге қарастырылды."Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар жыл басынан бері облыста Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерінің ақысына өтемақы төлеуге ай сайын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем жүргізіледі.
"Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер қажеттіліктеріне қарай есту аппараттары, протездік-ортопедиялық бұйымдар сияқты түрлі техникалық қосалқы және көмекші, гигиеналық құралдармен бірінші кезекте қамтылады. Ардагерлерге жылына бір рет мемлекеттік сатып алу шарттарына сәйкес санаторий-курорттық емделуге тегін жолдама беріледі", - деді басқарма басшысы Ермек Мизамбаев.
Оқи отырыңыз: 2024 жылдың 15 сәуірінде Алматыда ҰОС ардагерлеріне 2 млн теңгеден төленетіні белгілі болды.