Сот 32 жастағы айыпталушы Дархан Ахметжановты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі ("Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық") және 351-бабы 3-бөлігі ("Көліктің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қағидаларды бұзу") бойынша кінәлі деп таныды.
Еске салайық, қайғылы оқиға Алматыда 2023 жылдың желтоқсанында болды, Дархан Ахметжанов әйел жүргізуші айдап келе жатқан автобуста жүріп, жол ақысын төлеу туралы заңды талабына агрессиямен жауап берген.
Жанжал кезінде Дархан Ахметжанов автобусты рұқсат етілмеген жерде тоқтатуды талап еткен, ал жүргізуші бас тартқаннан кейін оның бетінен екі рет ұрған. Ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай, автобус жол жиегінде тұрған адамдарды соққан.
Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, бір адам зардап шекті.
Сотталушының кінәсі заттай айғақтармен, сараптама қорытындысымен және бейнебақылау камерасындағы бейнематериалдармен дәлелденді.
Прокурор соттан сотталушыны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
Дархан Ахметжанов абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталушыдан жәбірленуші К.-ның пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығынды және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы қаулы қабылданды.
Ал жәбірленуші Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын өндірілмек. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сотталушы бүгін соңғы сөзінде қаза тапқандардың отбасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрап, зардап шеккендердің тезірек айығып кетуін тіледі.