Бейнежазбаларды тексерген соң ҰБТ тапсырған жеті талапкердің нәтижесі жойылды

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы 14 маусымда Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) аралық нәтижелерін жариялады. Ведомствоның мәліметінше, ҰБТ басталғалы талапкерлердің 76%-ы шекті балл жинаған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Құзырлы ведомство мәліметінше, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 164 мың рет тест тапсырылды.

Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, 115 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 76% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құрады. Ең жоғары балл – 138. 266 адам 130 балдан жоғары көрсеткіш көрсетті.Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға төрт аптаның ішінде 510 талапкер қатысты.

Бүгінгі таңда 315 ереже бұзушылық анықталды.

"Оның ішінде 219 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 89 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды". ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды.

"Бөгде тұлғалар анықталған жоқ", делінген хабарламада.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі.

Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: