Ұлттық банк азаматтарға маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстан Ұлттық банкі қос қадамнан тұратын алаяқтық жағдайлардың жиілеп кеткенін ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, бірінші кезеңде қаскөйлер өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады.

"Алаяқтар қаражатты иемденіп алған соң алаяқтық схеманың келесі кезеңіне көшеді. Бұл жолы өздерін заңгер ретінде таныстырып, аңғал азаматтармен қайта байланыс орнатады. Өзі секілді зардап шеккен басқа да адамдардың атынан ұжымдық талап-арызбен әрекет ететін сыңай танытып, алаяқтар иемденіп кеткен қаражатты қайтаруға заңгерлік көмек ұсынады. Осылайша, қаскөйлер ақшаларды қайтару үшін "заңгерлік қызметке" ақы төлеуді сұрайды". ҚР Ұлттық банкі

Ақшалай транзакция орындалған соң алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады.

Еске сала кететін жайт, Ұлттық Банк қызметкерлері мессенджер арқылы аудио және бейнеқоңырау шалмайды. 


"Үшінші тұлғалар тарапынан орындалатын алаяқтық әрекеттерге жол бермес үшін Ұлттық Банк "мемлекеттік орган қызметкері, Ұлттық Банк қызметкері" болып қоңырау шалған адаммен арадағы байланысты үзіп, қандай да бір талқыдан немесе төлем операцияларын жүргізуден бас тартуға шақырады. Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді. Егер Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады", - делінген хабарламада.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: