Жарылғыш заттар туралы жалған хабарлама жиіледі: ІІМ үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға терроризм актісі туралы жалған хабарламалар жиілеген соң үндеу жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ведомство көрінеу жалған ақпарат таратқан азаматтар жазаланатынын еске салды.

"Құрметті азаматтар! Кейінгі кезде білім беру мекемелерінде орнатылған жарылғыш заттар туралы жалған хабарламалар жиілеп кетті. Барлық осындай фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Министрлік өкілінің мәліметінше, мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар көп.

Жыл басынан бері 168 қылмыстық іс қозғалып, 31 адам ұсталды, оның ішінде 12-сі - кәмелетке толмаған бала. 13 адам сотталды, оның ішінде екеуі - жасөспірім. Алты ата-анаға айыппұл салынды.

"Әрбір жалған хабарлама тұрғындар арасында үрей тудырып, мекемелердің жұмысына кедергі келтіреді. Олар материалдық шығын әкеліп қана қоймай, шұғыл қызметтердің уақытын алады. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдан бастап, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған". Шыңғыс Әлекешев

Ведомство мұндай қылмыс үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік көзделетін еске салды.


"Егер кәмелетке толмағанның жасы 14 жастан аспаса, онда бұл жағдайда оның ата-анасы тәрбиелеу бойынша міндеттемелерін атқармағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, сот шешімімен ата-аналар шұғыл қызметтердің шақыртуға шығып, нысандарды тексеруге кеткен шығынын өтеуге міндеттеледі. Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балалардың мінез-құлқына ерекше назар аударуға шақырады. Жасөспірімдерге осындай әрекеттердің соңы неге әкелетінін түсіндіріңіздер. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін қатаң жаза қарастырылатынын еске сақтаңыздар", - деді министрліктің ресми өкілі.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: