"Алматы әрқашан алдыңғы шепте болып, оң өзгерістердің жарқын үлгісі болуы керек, бұған бар күшімізді, білімімізді және тәжірибемізді жұмсаймыз. Алматыны әрбір адам өз үйіндей сезінетін жайлы әрі қауіпсіз қалаға айналдыру – біздің қолымызда", – деді мегаполис басшысы.
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі
Қала басшысы дәстүр бойынша қаланы дамытуға үлес қосқан азаматтарды "Алматы қаласының Құрметті азаматы" атағымен марапаттады. Олардың қатарында мына кісілер бар:
- көзі нашар суретші Алексей Уткин,
- кескіндемеші Ерболат Төлепбай,
- композитор Ерұлан Қанафиянов,
- ақын Ұлықбек Есдәулет,
- техника ғылымдарының докторы Жұмабай Байнатов,
- Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов,
- Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова,
- құрметті ұшқыш Дмитрий Душимов,
- кәсіпкер, меценат Нұрлан Смағұлов.
Сонымен қатар, құрметті атақ Мемлекеттік қуыршақ театрына да берілді.
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі
Марапаттан кейін қала әкімі алаңдағы балалар белсенділік аймақтарын аралап, тұрғындармен сөйлесті. Іс-шара "Алматы әуендері" шығармашылық ұжымдары мен солистерінің қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.
Сурет: Алматы қалалық әкімдігі
Естеріңізге сала кетейік, Абай алаңында бүгін күндіз балалар үшін аниматорлардың ойын-сауық шоуы және медиа тұлғалардың қатысуымен отбасылық сән көрсетілімі өтеді.
Кешкі сағат 18:00-де Республика сарайының алдында алматылықтарды Мемлекеттік қуыршақ театрының "Қуыршақ шоуы" қойылымы мен тикток жұлдыздары YOLO HOUSE, BIP HOUSE және басқа да танымал алматылықтардың қатысуымен концерт өтеді.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент саябағында сағат 10:00-де көпшілікке танымал болған Apple Fest фестивалі басталды. Фестивальде 21:00-ге дейін жалғасатын кең ауқымды мәдени және концерттік бағдарлама бар.
Тұңғыш Президент саябағында бірнеше сахна қойылған. Басты сахнада сағат 14:30-да Роза Рымбаева мен Алматы қаласы әкімі эстрадалық-симфониялық оркестрінің өнер көрсетуі жоспарланған. Концертті Steppe Sons этнотобы, Umberto Project, "Музарт Life" тобы және басқа да танымал артистер жалғастырады. Кештің басты хедлайнерлері Hiro мен Captown.
Келушілерге ыңғайлы болу үшін саябақ аумағы бірнеше тақырыптық аймаққа бөлінген, әрбір аймақта алма жәрмеңкесі, Елшілік аллеясы, бақша инновациялары алаңы, гүлдер ғажайып бульвары, дәм саяхаты көшесі, қолөнер шеберлер көшесі, ұлы дала мәдениеті даңғылы, балаларға арналған ойын-сауық алаңдары, "Кітап оқиғалары" квесті және ашық аспан астындағы кинотеатр орналасқан, мұнда қазақ киносының "Алтын қорына" енген фильмдер көрсетіледі.
Айта кетейік, фестиваль тарихында алғаш рет 1 700 литр алма компоты қайнатылып, бұл Гиннестің рекордтар кітабына енеді. Компотты сатудан түскен қаражат көшеттер, құстарға арналған қоректендіргіштер және қалалық саябақтарға арналған ұялар сатып алуға жұмсалады.
Цирк өнерін сүйетіндер үшін 12:00-ден 17:00-ге дейін Шапито циркі жұмыс істейді. Бағдарламада Эфиопиядан келген Black eagles икарлық ойындары, "Курьез" атты клоундық квартет, сырықтағы эквилибр және тағы басқа өнерлер бар. Цирк шоуына кіру үшін билет керек, ал саябақтағы басқа іс-шаралар тегін. Шапито билеттері 3-4 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Фестивальден кейін цирк саябақ аумағында тағы он күн жұмыс істейді.
Арбатта 11:00-ден бастап "Туған күніңмен, Алматым" фестивалі өтуде, онда қала тұрғындары мен қонақтары суретшілер көрмесін, қолөнершілер жәрмеңкесін, шеберлік дәрістерін және т.б. да іс-шараларды тамашалай алады. Сонымен қатар, мұнда жыл сайынғы "Кітап fest" фестивалі өтіп жатыр.
Сағат 17:00-де Астана алаңында Almaty Cover Show басталады, оған қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады. Сахнада Нағима Есқалиева, Мейрамбек Бесбаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков және басқа әншілер өнер көрсетеді. Осы күні Орталық стадионда Қала күніне орай елдегі ең танымал әрі жас артистің бірі Садраддин алғашқы жеке концертін қояды.
Қала күнін мерекелеу "Көктөбе" телемұнарасында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған құттықтау жарығының қосылуымен аяқталады. Бұған қоса, 21:00-де "Көктөбе" саябағында мерекелік отшашу болады.
Айта кетейік, мерекелік іс-шаралардың толық тізімін almaty.kz сайтынан және қалалық әкімдіктің Instagram-дағы аккаунтынан және Мәдениет басқармасының Instagram-дағы парақшаларынан көруге болады.