Депутат Евгений Болгерт заңның міндеттері көлік құралдарының жекелеген түрлерінің, оның ішінде мопедтердің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру саласында туындайтын мәселелерді құқықтық реттеуді қамтамасыз ету екенін айтты.
"Заңда үш заңнамалық актіге, оның ішінде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдарды түзету ұсынылады", — делінген бейінді комитеттің қорытындысында.
"Жол қозғалысы туралы" заңға мынадай түзетулер енгізіледі:
1. "Орташа жылдамдық" ұғымы енгізіледі және оны көлік құралы жүріп өткен халықаралық, республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар учаскесінің ұзындығын осы қашықтық өткен уақыт аралығына бөлу жолымен есептеу тәртібі көзделеді.
"Бұл тұжырымдаманы енгізу сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары орнатылатын жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдық режимінен асып кету себебінен жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл ретте "орташа жылдамдық" көрсетілген аспаптармен және құралдармен айналма жолдар жоқ жолдардың қала сыртындағы және түзу сызықты учаскелерінде ғана автоматты түрде есептелетін болады. Осыған байланысты мұндай нұсқамаларға шағымдану тәуекелдері айтарлықтай азайтылады деп күтілуде", – делінген құжатта.
"Орташа жылдамдықты" өлшеу кезінде құқық бұзушылықты тіркеу уақыты мен орны қолданыстағы құқық қолдану практикасына ұқсас камералармен (жолдың уақыты мен учаскесі ретінде) анықталатын болады.
2. Мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеу енгізіледі.
Қарастырылып отырған заңға сәйкес барлық мопедтер тіркелуге жатады.
Мопедті басқару құқығы "А1" кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік масаң күйде басқаруы) және 613-бабы (куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарға қатысты тиісінше 7 немесе 8 жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алуға емтихандар тапсыруға жіберуге тыйым салу енгізіледі.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігінің қызметі кеңейтілгені хабарланды.
Оқи отырыңыз