Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі

Қазақстан Президенті ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамдағы отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлығы және Ресейдің ТМД-ға төрағалық ету барысында нәтижелі жұмыс атқарғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы 1991 жылы Алматы Декларациясының негізінде құрылған ТМД-ның әлеуетін беделді халықаралық ұйым ретінде одан әрі нығайту Қазақстан үшін басты басымдықтың бірі екеніне назар аударды.

"Өткен ғасырдың 90-жылдарында Балқан түбегіндегі секілді күрделі жағдайларға посткеңестік аумақта жол берілген жоқ. Мұнда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының үлесі зор деуге болады. Сондықтан Достастықты сақтау керек деп ойлаймын. Осы мақсатта өзара сенімді нығайтудың ең тиімді шараларын қабылдап, мемлекеттер басшылары деңгейінде бір-бірімізді негізсіз сынап-мінеуден аулақ болып, ұстамдылық пен парасаттылық танытқанымыз жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, геосаяси тұрақсыздық пен аумалы-төкпелі халықаралық ахуал жағдайында өтіп жатқан бүгінгі кездесу Ұйым жұмысына тың серпін беруге тиіс.

"Біздің ел Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жасауға деген ұмтылыстарын құптайды. Сонымен қатар Орталық Азия аймағындағы мемлекетаралық шекаралардың жекелеген бөліктерін заңдық тұрғыдан ресімдеуді аяқтау ісінде айтарлықтай ілгерілеу бар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы жаһандық ынтымақтастық пен даму үдерісіне елеулі үлес қосып келе жатқан тиімді өңірлік ұйым ретінде халықаралық деңгейде кеңінен мойындалғанына тоқталды.

"Достастық БҰҰ-ның түрлі құрылымымен, сондай-ақ басқа да көптеген халықаралық және өңірлік ұйыммен ұтымды байланыс орнатты. ТМД-ның әлемдік аренадағы беделі артып келеді. Былтыр ТМД жанындағы Бақылаушы және Серіктес мәртебесі бекітілді. Бұл шешім Ұйымның кемеліне келгенін және ашықтығын көрсетеді. Осы жүйелі жұмысты жалғастырып, "ТМД +" форматын құру туралы мәселені қарастыруды ұсынамын. Мұндай алаң Достастықтың өңірлік байланыстарын кеңейтуге негіз болады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруды перспективті міндеттің бірі деп атады. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайту мәселесіне баса назар аударды.

"Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыздың салалары мен бағыттарын үнемі кеңейтіп отырғанымыз жөн. Таяуда Астана қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 елден 2 мыңнан астам спортшы келді. Бұл әлемде этноспорт қозғалысына, бұрынғы көшпелі халықтардың мәдени мұрасына қызығушылық зор екенін көрсетті", - деді Қазақстан Президенті.

Жоғары оқу орындары мен жастар арасындағы қарым-қатынасты дамыту – бірлескен жұмыстың маңызды бағыты. Мемлекет басшысы студент алмасу және ғылыми тағылымдамадан өту ісін жандандыру үшін "Достастықтың академиялық астанасы" атты жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Еуразиялық қауіпсіздік тұжырымдамасын бірлесіп әзірлеудің де айрықша мәні бар. Президент мұндай тағдыршешті мәселенің ТМД елдерінде талқылануы орынды деп санайды. 

Қазақстан Президенті келесі жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты ойын жеткізді.

"Бұл – Достастық елдерінің барлық халқын біріктіретін айтулы дата. Еркіндік пен әділдік салтанатының нышанына баланатын мазмұнды мереке. Біз әкелеріміз бен аналарымыздың, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің адамзат тарихындағы өшпес ерлігін әрдайым есте сақтауға тиіспіз", - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ТМД-ға Тәжікстан Республикасынының төрағалық ету және кезекті саммитті Душанбеде өткізу туралы шешімді қолдайтынын жеткізді.

Жиында Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев сөз сөйледі.  

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: