Бұл туралы 19 қарашада Үкімет мәлімдеді.
Премьер-министр агроөнеркәсіптік кешенді нығайту және ауыл шаруашылығы саласын экономикалық өсудің көшбасшысына айналдыру жөніндегі Президент алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірқатар тапсырма берді.
"Агроөнеркәсіп секторының тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі – қолжетімді несиелеу. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Бәйтерек" холдингіне тез арада өтінімдер пулын жинақтап, 1 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы көктемгі егіс және жиын-терім жұмыстарын сапалы жүргізу үшін дихандарды қаржыландыру жұмыстарына кірісуді тапсырды. Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астықты қолайлы бағамен тікелей сатып алуды қамтамасыз етуі керек",- делінген ақпаратта.
Сонымен қатар Премьер-министр биыл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінетін жеңілдікті қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайғанын атап өтті.
"Несиелеу тетігі есебінен 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші техника паркін жаңартуға мүмкіндік алды. Бұл ретте, техниканы жыл сайын 8-10% деңгейінде жаңартып отыру үшін жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру көлемін ұлғайтып қана қоймай, құрастыру зауыттарында өндірісті локализациялау деңгейін арттыру қажет. Бұл – Өнеркәсіп, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен "Бәйтерек" холдингінің міндеті", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін Мемлекет басшысының Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде жеке тұлғалар кірістері мен мүлкін міндетті декларациялаудан босатылғаны хабарлланған болатын.