Қарағанды облысы Саран қаласында пәтерден өрт шықты.
Полицияның хабарлауынша, Саран қаласы полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы Мақсат Майпасов Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Сәнді Мұқанова және Саран Today газетінің журналисімен бірге іс-шара өтетін орынға бара жатқан.
Бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерден шыққан жалынды бірінші болып полиция қызметкері байқаған. Уақыт өте тығыз еді, сондықтан тәртіп сақшысы бірден зардап шеккендерге көмек көрсетуге ұмтылған. Ал полиция қызметкерімен бірге келе жатқан қызметкерлер оның әрекетін камераға түсіріп, соңынан ерген. Полицей бірден тұрғындарды шұғыл эвакуациялауды ұйымдастырды.
Кейін уақыт жоғалтпай, Мақсат Майпасов газтұтқыш киіп, пәтерде адамдар қалып қоймағанын тексеру үшін өртеніп жатқан пәтерге кірген. Сол сәтте ол өз өміріне қауіп төніп тұрғанын ойламаған. Көршілері өрт сөндірушілерді шақырған. Көп ұзамай оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметкерлері келіп, жалынды ауыздықтауға кірісті.