Жетісу облысында Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайыновты 101 жасқа толды

Сурет: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ұлы Отан соғысының ардагері, ардагер-педагог, талдықорғандық Ысқақ Құсайыновты 101 жасқа толуымен құттықтады.

Ақсақал Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өзінің ғасырдан асқан белесін өткеруде. Айта кетейік, бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының көзі тірі үш ардагері тұрады.

Бейбіт Исабаев дәстүр бойынша ардагердің иығына шапан жауып, өзінің құттықтау хатын табыс етті. 

Сурет: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Облыста қан майданда алғы шепте болған үш майдангер ақсақалымыз бар. Солардың ішінде үлкені Ысқақ ата үшеуінің алды болып 101-ге келіп отыр. Ысқақ ата, келген жасыңыз құтты болсын. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Осы мерейтойда қатардан қалмай, орден-медальдарыңызды тағып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сапта тұрасыз деп сенеміз", - деді өңір басшысы.

Мұнан соң ақсақалға Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хатын Жетісу облысындағы осы ұйымның төрағасы Рахым Қырқабақов тапсырды.

Майдангер қарияға көрсетіліп жатқан құрметке ардагердің қызы Гүлсімхан Мырзаханова ризашылығын білдірді.

Сурет: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Әкем бір үйдегі он алты баладан жалғыз өзі тірі қалып, он бес жасынан еңбекке араласқан. Әкесінен жастай жетім қалған соң анасына қолғабыс етіп жұмыс істеген. Соғыстың да қиындығын көрді. Мұғалім болды. Кейін 95 жасына дейін де алма ағаштарын баптады, бақша екті, немерелеріне деп жеміс-жидек өсіріп беріп отыратын. Сол еңбегінің, сергектігінің арқасы шығар, бүгін, міне, жүз бір жасқа келіп отыр. Осы жасында сыйлап, үлкен құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп рахмет. Әкемнің көрген бейнетін бермей, зейнетін берсін бәріңізге. Сіздер де бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, елге қызмет ете беріңіздер", - деді ол.

Ысқақ Құсайынов елімізге бейбітшілік тілеп, батасын берді.

"Ескі заман келмеске кетті, жаңа заман туды. Жаңа дәуірде еңбектерің жемісті, істерің сәтті болсын! Денсаулықтарың зор болсын, ұрпақтарымыз өсіп-өніп, арман-мақсаттарына жетсін", - деді ол.

Ысқақ Құсайынов Алакөл ауданының Көлбай ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Он сегіз жасында өз еркімен соғысқа аттанды. 1942 жылы Украина майданында атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Ал 1943-1945 жылдары Тынық мұхитындағы Амур әскери-теңіз флотының "Зенит" дивизиясында болып, жауға қарсы шайқаста ауыр жарақаттанды. Ерлік істері үшін оған "Әскери-теңіз флотының үздігі" атағы берілді. Мұнан соң Совет-Жапон соғысына қатысты. Лепсідегі педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны аяқтаған соң кейінгі 40 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады.  

Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, Жуков медалімен, "Жапонияны жеңгені үшін", "Ерлігі үшін" медальдарымен және басқа да марапаттармен наградталды.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бельгияда жалпыұлттық ереуіл өтіп жатыр

Көп балалы отбасылар, ипотека, білім: қазақстандықтар салық арқылы ақшаны қалай үнемдей алады

Көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұлдың мән-жайын ІІМ түсіндіріп берді

Көкшетауда кісі өлтірді деген үш күдікті бірден ұсталды

2025 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің тарифтерін өзгертті