Талап қою АҚ (тапсырыс беруші) мен ЖШС (орындаушы) арасында құрылысқа байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғандығымен негізделді, оның талаптарына сәйкес, орындаушы ақпараттық технологиялар саласындағы кешенді жұмыстарды "толық аяқтап" орындауға міндетті болған.
Тараптар арасында бухгалтерлік есеп және кадрлық іс жүргізу саласындағы жұмыстар бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату жөніндегі шарт бойынша жұмыстарды қабылдау – тапсыру актісіне қол қойылған.
"2024 жылғы ақпанда бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу бойынша жұмыстарды қабылдау туралы актіге қол қойылып, орындаушыға төлем жүргізілген. Бағдарламаның жұмыс істеуін тексеру және техникалық сипаттамамен салыстыру барысында тапсырыс беруші кемшіліктерді анықтап, тараптар арасында дау туындаған. Техникалық ерекшелікке сәйкестік фактісін анықтау мақсатында, сот маманды тартып, оның қорытындысынан шарт шеңберінде орындалған жұмыстар техникалық ерекшеліктің талаптарына сәйкес келетіндігі белгілі болды", - деп хабарлады Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты.
Сот АҚ-ның ЖШС-не қатысты талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.
Сондай-ақ, жауапкердің пайдасына өкілдің қызметтеріне ақы төлеу бойынша 1,5 млн теңге мөлшерінде шығыстар сомасы өндірілді.
Шешім заңды күшіне енді.