Жетісудағы әкімдіктің ақпаратынша, облыста Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында соғыс ардагерлеріне, мүгедектеріне, оларға теңестірілгендер мен тыл еңбеккерлеріне кешенді әлеуметтік қолдау көрсету көзделген. Бұл ретте, дәрігерлер тегін медициналық көмекпен аймақтағы 1500-ден астам тыл ардагерін түгелдей қамтуды жоспарлап отыр.
"Биылғы жылы өңірде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілген 3 215 адамға біржолғы материалдық көмек көрсетуге 393,8 млн.теңге бөлінді. Бұл ретте майдангерлерге 5 млн. теңгеден төленетін болады. Жанқиярлық еңбегі үшін берілген наградалары бар тыл қызметкерлеріне 100 мың теңгеден төленеді". Жетісу облысы әкімдігі
Сурет: Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Материалдық қолдаудан басқа ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін коммуналдық шығындарға ай сайынғы өтемақы түрінде жеңілдіктер беріледі, ардагерлер техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ жылына бір рет тегін санаторлық-курорттық жолдамалар алады.
"Атап айтқанда, биыл өңірде 243 ардагерге санаторлық-курорттық емделуге 50 млн. теңге бөлінді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Жалпы Жетісу облысында Ұлы Отан соғысына тікелей қатысушы 2 ардагер бар. Олар Төлеубай Чектыбаев пен Ысқақ Құсайынов, ардагерлер бүгінде 100 жастан асты. Сол сияқты 1598 тыл еңбеккерлері тұрады.