Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 51 жыл бұрын пайдалануға берілген жерасты газ құбырын қайта жаңарту жұмыстары уақытша тоқтатылды.
"Жөндеу жұмыстарын жаз айларында Луганский және Армянская көшелерінен бастап, әл-Фараби даңғылынан Esentai Mall автотұрағына дейінгі, сондай-ақ әл-Фараби даңғылынан Мендікұлов бульварына дейінгі аумақта жүргізу жоспарланған еді. Алайда ұйымдастыру мәселелеріне байланысты жұмыс басталуы кешіктірілді", - делінген хабарламада.
Сондықтан жөндеуді кейінге қалдыруға шешім қабылданды. Өйткені бұл ауданда көп мектеп пен мектепке дейінгі ұйым орналасқан, ал оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Сонымен қатар жұмыстар әл-Фараби даңғылындағы автокөлік кептелісін одан әрі күшейтуі мүмкін.
Әкімдіктің мәліметінше, орташа қысымдағы қолданыстағы жерасты газ құбыры 1974 жылы пайдалануға берілген, сондықтан оны жаңарту міндетті. Жөндеу жұмыстарын 2026 жылы жүргізу жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстар жаз мезгілінде, көлік қозғалысы азайған кезде басталатыны айтылды.