Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан су-энергетикалық теңгерімін реттейтін бірқатар келісімге келді

Сурет: Қр Энергетика министрлігі
2025 жылғы 7 қыркүйекте Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы ведомстволарының үшжақты кездесуі өтті. Басқосу нәтижесінде өңірдің су-энергетикалық теңгерімін реттейтін хаттамаларға қол қойылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Еліміздің Энергетика министрлігінің мәліметінше, негізгі құжатта Тоқтағұл су қоймасынан су жіберуді қамтамасыз ету бойынша тараптардың міндеттемелері нақты көрсетілді. Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясынан Қырғызстанға электр энергиясын Қазақстанның энергетикалық жүйелері арқылы транзиттеу шарттары да келісілді. Аталған шаралар су қоймасындағы су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұруға және алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

"Қол қойылған хаттамалар – көрсеткіштері, мерзімі мен бағалары көрсетілген нақты жұмыс құжаты. Біз жеткізудің техникалық шарттарын нақтылап, өзекті мәселелерді шештік. Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындайды және серіктестер тарапынан да осындай ұстанымды күтеді. Бұл өңірдің энергетикалық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі, – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Сапар аясында екіжақты келіссөздер де жүргізілді. Өзбекстан тарапы 2026 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанға шамамен 900 млн кВт-сағ. көлемінде электр энергиясын жеткізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Бұл келісім еліміздің оңтүстік аймағында жоспарланған электр станцияларын жөндеу жұмыстары кезінде туындауы мүмкін энергия тапшылығын болдырмауға бағытталған.

Жасалған келісімдер алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келесі вегетациялық маусымға болжамды су қорын жинауға қолайлы жағдай жасайды. Бұл – еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аграрлық сектор үшін маңызды фактор.

Қазақстан
Қырғызстан
Өзбекстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Франция мен Испаниядағы орман өрті: мыңдаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр

ІІМ жалған ақпарат пен арандатушылық үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті

ІІМ әлеуметтік желі қолданатын жасөспірімдерге маңызды ескерту жасады

Екібастұзда қоқыс жәшігінен әйел адамның дене мүшелері табылды

Алматыдағы Саин көшесінде болған жол апатынан екі адам зардап шекті