Абай облысының полиция департаменті кейінгі уақытта балаларды танымал онлайн-ойындар мен ойын қауымдастықтары арқылы алдауға бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа тәсілдері жиілегенін мәлімдеді.
"Алаяқтар онлайн-ойындарға арналған топтар мен чаттарда балалармен белсенді байланыс орнатады. Олар түрлі тапсырмаларды орындау арқылы виртуалды валюта немесе бонустар уәде етеді. Бастапқыда балаларға ойынға арналған тегін "жетілдірулерді" ұсынады. Кейін олардан ата-анасының телефонын ашып, аккаунт бұзуға әрекет кезінде келетін SMS-кодтарды айтуын сұрайды. Кей жағдайларда балалар не болып жатқанын түсінбей, ата-анасының мобильді банкін ашып, алаяқтар жіберген QR-кодтар арқылы ақша аударады", - делінген полиция хабарламасында.
Кейбір жағдайларда алаяқтар балаларды пайдаланып, ата-аналарының атына онлайн несие рәсімдеп, қаражатты ұрлап кетеді. Ал өз банктік картасы бар балаларды "ойын валютасын" немесе "скиндерді" арзан бағамен сатып алу үшін ақша аударуға көндіреді.
Абай облысының полиция департаменті ата-аналарды балалардың интернеттегі белсенділігін мұқият бақылап, олармен үнемі алдын алу әңгімелерін өткізуге шақырды.
"Ойында қайта тірілуге болады. Ал шынайы өмірде — жоқ. Батырманы баспас бұрын ойланып ал", - деп ескертті полицейлер.