"Ең үлкен қуанышымыз – амур жолбарыстары жұбынан екі жолбарыс күшіктерінің дүниеге келуі. Бұл нәтижеге жету үшін төрт жыл бойы жүйелі түрде жұмыс істедік. Сонымен қатар, биыл екі жұп ақ қасқыр төлдеді – бірінен үш, екіншісінен бір бөлтірік туды. Бұл – Қазақстан үшін сирек кездесетін, ерекше құнды түрлер", - дейді маман.
Бақ әкімшілігі алдағы уақытта коллекцияны жаңа экзотикалық жануарлармен толықтыруды жоспарлап отыр. Жақын арада АҚШ-тан тамандуа мен алтыжолақты кіреукей, Канададан сілеусіндер жеткізілмек. Өз кезегінде Алматы хайуанаттар бағы сәтті көбейіп жатқан аққұйрық бүркіттерді шетелдік әріптестеріне табыстайды.
Коллекция жетекшісі Айман Едгебаеваның айтуынша, хайуанаттар бағының басты мақсаты – жануарларды көрсету ғана емес, табиғатты қорғау және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
"Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарды – сақалтай, ақ иықты және ақ басты бүркіттерді, құзғындар мен грифтерді көбейту ісінде халықаралық деңгейде танымал. Америкалық Timbavati Wildlife Park ұйымы біздің бақта кумайлардың табиғи жолмен көбейіп жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – бүкіл әлемдегі сирек жағдай және Алматы үшін үлкен мәртебе", - деді Едгебаева.
Қазір хайуанаттар бағына жаңа тұрғындар – тукандар, циветтер мен гиббондар келіп қосылған. Экзотариум да жаңа түрлермен толықпақ – мұнда варандар, игуаналар мен сирек кездесетін жыландар әкелінбек.
Сондай-ақ, ақ аю - Пургаға арналған вольердің жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта оған халықаралық бағдарлама аясында жұп таңдалады. Болашақта барлық вольерлер жануарлардың табиғи мекендеу ортасына барынша ұқсас жағдай жасау үшін қайта жабдықталады.