Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабына сәйкес, егер қайтыс болған адамның жақын туыстары істі тоқтатуға қарсы болса, қылмыстық іс сотта қаралуы мүмкін.
Сотттың анықтағаны
2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайында "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша ұшып шыққан әуе кемесі ұшуынан көп ұзамай апатқа ұшыраған. Бортта 98 адам болған — 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі.
Апат салдарынан 11 жолаушы мен әуе кемесінің командирі қаза тапқан. Кейіннен екінші ұшқыш М. да қайтыс болған. Жалпы, оқиға нәтижесінде 13 адам көз жұмған.
Әртүрлі ауырлықтағы дене жарақаттарын 53 жолаушы алған. Тағы 21 адам сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан.
Апаттың себебі - ұшақтың қанаттарында жиналған қар мен мұз қабаты болған. Бұл жағдай әуе кемесінің ұшу кезінде көтергіш күшін жоғалтуына және әуежай аумағынан тыс нысандармен соқтығысуына әкелген.
Тергеу барысында ұшқыштардың ұшу ережелерін он бір рет бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, олар ұшуға дейінгі тексеруді тиісінше жүргізбеген, қанаттағы мұз қатуын байқамаған және мұздануға қарсы өңдеу жүргізу туралы шешім қабылдамаған.
Сонымен қатар, ұшу кезінде ұшақтың көтерілу бұрышы мен бағытын сақтау талаптары бұзылған. Бұл жағдайда ұшуды тоқтату қажет еді.
Аталған қателіктер мен әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыштың әрекетсіздігі апатқа әкеліп соққан.
Сотталушылардың кінәсі жиналған дәлелдер жиынтығымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар қорытындыларымен, олардың өз түсініктемелерімен және заттай дәлелдермен дәлелденген.
Сот үкімі
Сот үкімімен әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыш Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, бірақ олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмады.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.