2025 жылғы 14 қарашада Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР ҚК 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша ("екі адамның өліміне әкеп соққан мас күйінде жол қозғалысы ережелерін бұзу") жүргізушіге қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, биыл маусым айында ер адам мас күйінде Toyota Camry 55 автокөлігін жүргізіп келе жатып, жол ережесін бұзған. Қарсы бағытқа шығып кетіп, Mitsubishi Pajero автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Toyota көлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, ал оның әріптесі аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды.
"Сотталушының кінәсі тараптардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденді. Прокурор оған бес жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады", - делінген сот материалдарында.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындағанымен, жәбірленуші тарап оны кешірмей, заң шеңберінде жаза тағайындауды сұраған.
"ҚР ҚК 345-1-бабының 4-бөлігінде жеті жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы қарастырылған. Алайда сот оның шын жүректен өкініп, кінәсін толық мойындауын жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алды".
Сонымен қатар аталған бап ҚР ҚК 11-бабына сәйкес, абайсызда жасалған орташа ауыр қылмыс санатына жатады. ҚР ҚК 55-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес, "жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, орташа ауыр қылмыс үшін негізгі жаза түрінің мерзімі не мөлшері жартысынан аспауға тиіс".
Сот шешімімен азамат С. ҚР ҚК 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.