Олжас Бектеновтің айтуынша, халық санының және экономикасының өсуіне байланысты су тұтыну артады. Сондықтан таза ауыз суға қол жеткізу мәселесі күн санап өзектілігін жоғарлатады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету жобалары толық жүзеге асырылды. Алайда ауыз сумен қамтамасыз ету – үнемі жүретін процесс, сондықтан барлық жауапты мемлекеттік органдар бұл мәселені бақылауда ұстауы керек", – деді премьер-министр.
Ол сондай-ақ жергілікті әкімдіктерге судың сапасын қадағалап, Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды тапсырды.
"Біз оң нәтижелерді көріп отырмыз – желілердің тозуы азайып келеді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет", – деді ол.
Премьер-министр оңтүстік аймақтардағы құрғақшылық қаупіне де назар аударды.
"Қолда бар болжамдарға сәйкес, 2026 жылғы егіс кезеңінде су келуі 1 млрд текше метрге дейін тапшылықпен бағаланып отыр. Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін, әсіресе ауыл шаруашылығында, су үнемдеу технологияларын енгізу аса маңызды", – деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы және су ресурстары министрліктеріне, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстары әкімдіктеріне су пайдаланудың лимиттерін қатаң сақтай отырып, су көп қажет ететін дақылдардың егіс құрылымын бекіту тапсырылды. Су ресурстары министрлігі фермерлерге су беру бойынша барлық келісім-шарттарды "Егіс құрылымын әртараптандыру жол картасы" көрсеткіштеріне сәйкес қамтамасыз етуге міндеттелді.
Олжас Бектенов суды цифрландыру жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығына да тоқталды.
"Осы жылдың соңына дейін Су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру қажет, ол беткі және жер асты көздері туралы деректерді біріктіретін болады. Бұл жоба Ұлттық су балансы картасын жасауға және гидрогеологиялық мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, суару арналарының цифрландыруын жалғастыру керек. Бұдан басқа, қалалық су құбырларының өндірістік процестерін толық автоматтандыру және цифрландыру, әлемдік үздік тәжірибелерді пайдалану – басты міндетіміз. Суды басынан соңғы тұтынушыға дейін толық бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық жұмыс сапалы және уақытылы жүргізілуі тиіс", – деді премьер.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен әкімдіктерге трансферттер мен Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында сумен жабдықтауды бақылау тапсырылды.
Су ресурстары министрлігіне биылдың соңына дейін 142 ауылдық елді мекенді таза сумен қамтамасыз ететін 12 жобаны іске асыру, Түркістан облысында Шардара топтық су құбырын 30 шілдеге дейін іске қосу, Солтүстік Қазақстан облысында Пресновский және Соколовский топтық су құбырларын 15 қарашаға дейін қайта құру міндеттелді.