YK-news.kz мәліметінше, әлеуметтік желілерде сары түсті қардың суреттері жаппай жарияланғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті мамандары оқиға орнына барып, талдау үшін сынамалар алған.
"Ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асу анықталмады. Алдын ала деректер бойынша, қар түсінің өзгеруі ауа ағындары арқылы шаң мен құм бөлшектерінің тасымалдануымен байланысты. "Қазгидромет" РМК ақпаратына сәйкес, 10-11 қаңтарда қалада секундына 15-20 метрге дейін жеткен солтүстік-батыс желі соғып, бұл қалқымалы бөлшектердің қар жамылғысына шөгуіне ықпал етуі мүмкін", - деп хабарлады ШҚО экология департаменті.
Атап айтқанда, ерекше түсті қар Глубокое, Ушановское, Степное, Белоусовка, Предгорное, Верхнеберезовское, Первомайское елді мекендерінде және Риддер қаласында байқалған. Ал Верх-Уба мен Мирный кентінде қар тіпті қызғылт реңкке ие болған.