Екі орден, екі медаль және 78 немере мен шөбере: ҰОС ардагері 101 жасқа толды

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Алматы облысында Еңбекшіқазақ аудандық қорғаныс істері бөлімінің әскери қызметшілері мен басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерін 101 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Солтанбай Жарықбасов Алға ауылында дүниеге келген. Ол 1943 жылы, 18 жасқа толғанда әскер қатарына шақырылған. Осылайша, болашақ пулемет бөлімшесінің командирі Забайкальеде орналасқан 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригада құрамына қабылданды.

"Майданға бәрі аттанды, оның ішінде әкем мен екі ағам да болды. Мен Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ташкенттегі мергендер училищесіне жіберілдім. Кейін бізді эшелонмен Забайкалье майданына аттандырды. Туған жерге тек 1950 жылы ғана оралдым", – деп еске алады ҰОС ардагері.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі

Соғыстан кейін ол педагог мамандығын алып, туған ауылында ұстаз болып еңбек етті, кейін мектеп директоры қызметін атқарды.

Жұбайымен 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Қазір олардың 78 немере мен шөбересі, сондай-ақ төрт шөпшегі бар. Майдангер Еңбекшіқазақ ауданы мен Байтерек ауылдық округінің құрметті азаматы.

Солтанбай Жарықбасов қонақтарды жылы қарсы алып, көрсетілген құрмет пен құттықтаулар үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Еңбекшіқазақ аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы, майор Болат Смайылов оған елдің Қорғаныс министрінің құттықтау хатын және сый-сияпат табыстады.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі

Ардагерге Ұлы Жеңіс жолындағы ерлігі, батырлығы, қайсарлығы және бейбіт өмірге қосқан үлесі үшін зор алғыс айтылып, мықты денсаулық тіледі.

Солтанбай Жарықбасов "Жапонияны жеңгені үшін", "1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медальдарымен, I дәрежелі "Отан соғысы" орденімен марапатталған. Сонымен қатар ол "Құрмет" орденінің иегері.

Қазақстан
Алматы облысы
Ұлы Жеңіс

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

15 ақпанда Алматының бірқатар көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі

13 ақпанда қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Алматыда ер адам оқушы қызға пышақ ала жүгірген

Жаңа Конституция: адами капиталды дамыту – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалды

Мемлекет басшысы республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды