Ресейдің Қазақстанға төрт амур жолбарысын қашан беретіндігі белгілі болды

Сурет: pixabay
Ресейден Қазақстанға 2026 жылдың көктемінде төрт амур жолбарысын жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы 2026 жылғы 22 ақпанда "Амурский тигр" орталығының директоры Сергей Арамилев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

ТАСС агенттігінің жазуынша, жыртқыштарды беру Амур жолбарысын Қазақстанға қайта жерсіндіру жөніндегі ауқымды халықаралық бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Бағдарламаны іске асыруға "Амурский тигр" орталығы қолдау көрсетіп отыр.

"Қазіргі уақытта жолбарыстарды жөнелтуге дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Жабайы жолбарыстармен жұмыс істеуді меңгеру үшін Қазақстанның табиғат қорғау органдарының өкілдері Хабаровскіге барып, арнайы оқудан өтті. Оқыту – төрт амур жолбарысын Қазақстан Республикасына жіберер алдындағы соңғы кезеңдердің бірі". Сергей Арамилев

Оның айтуынша, жолбарыстар әр жынысты әрі әртүрлі жаста болады.

Орталық директорының сөзінше, төрт жыртқышты беру Ресейдегі жолбарыстар популяциясына кері әсер етпейді. Қазіргі таңда Ресей аумағында шамамен 750 амур жолбарысы бар.

"Әр жолбарыс табиғатқа жіберілер алдында спутниктік бақылау модулі орнатылған арнайы қарғыбаумен жабдықталады. Сонымен қатар арнайы мониторингтік топтар олардың қозғалысын, қоректену ерекшеліктерін қадағалайды. Егер трекер арқылы жолбарыстың елді мекендерге жақындағаны анықталса, тиісті алдын алу шаралары қолданылады",- деп түсіндірді ол.

Охотзоопром РМК орталық өңірлік филиалының басшысы Мұрат Рымжановтың айтуынша, жолбарыстар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына жіберіледі.

Оның мәліметінше, 2018 жылы Балқаш көлі маңында ғалымдар жолбарыстарды жерсіндіруге қолайлы аумақты анықтап, арнайы қорық құрған. Бұл жер елді мекендерден алыс орналасқан, қорек қоры жеткілікті әрі тіршілік етуге қолайлы жағдай жасалған.

Хабаровскіге барған қазақстандық мамандар қажетті барлық хаттамалар бойынша оқытылған. Атап айтқанда, қолданылатын жабдықтың ерекшеліктері мен орнату тәртібі, жыртқышты дәрі-дәрмек арқылы уақытша ұйықтату (иммобилизация) рәсімі үйретілді. Олар бұл дағдыларды Хабаровск өлкесінің аңшылық қадағалау инспекторлары жүргізген амур жолбарысын ұстау, ветеринарлық тексеру және қайта табиғатқа жіберу шаралары барысында тәжірибе жүзінде меңгерді.

Айта кету керек, амур жолбарыстары – Орталық Азияда бұрын мекендеген туран жолбарысының ең жақын туыстары. Қазақстан аумағында туран жолбарыстары 1948 жылға қарай жойылып кеткен. Аталған бағдарлама арқылы республикада жолбарыс популяциясын қайта қалпына келтіру көзделіп отыр.

Қазақстан
Ресей

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

15 ақпанда Алматының бірқатар көшесінде қозғалыс уақытша шектеледі

13 ақпанда қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды

Алматыда ер адам оқушы қызға пышақ ала жүгірген

Жаңа Конституция: адами капиталды дамыту – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалды

Мемлекет басшысы республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды