"РИА Новости" агенттігінің жазуынша, бұл туралы "Амур жолбарысы" орталығының бас директоры Сергей Арамилев мәлімдеді. Қазақстан мен Ресей жолбарысты қайта жерсіндіру туралы келісімге 2022 жылы Шығыс экономикалық форумы барысында қол қойған.
2025 жылдың қарашасында Ресейдің табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козлов пен Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев амур жолбарыстарын Қазақстанға әкелу және оларды бастапқы бейімдеу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды. Құжат Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен рәсімделді.
"Жолбарыстарды таңдау кезінде бірнеше маңызды талап ескеріледі: олар әртүрлі жынысты болуы тиіс, денсаулығы мықты, жарақатсыз және жабайы табиғатта өз бетінше тұяқты жануарларды аулай алуы керек. Сондай-ақ адамға деген көзқарасы да қалыпты болуы қажет. Іріктеу аяқталған соң, жануарлар Қазақстанға жеткізіліп, алдымен арнайы оңалту орталығына орналастырылады". Сергей Арамилев
Бұл орталықта олардың жергілікті жануарларға қалай аң аулайтыны және адамға реакциясы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер талапқа сай болса, жолбарыстар табиғи ортаға жіберіледі.
"Айта кету керек, бұл мақсатта жолбарыстар арнайы ауланбайды. Негізінен, үміткерлер қатарында анасыз қалған жетім күшіктер немесе адамдармен қақтығыстың алдын алу үшін ұсталған жас жолбарыстар болады. Қазіргі таңда осындай үміткерлер іріктеліп жатыр және төртеуін бірден жіберу жоспарланған". Сергей Арамилев
Сонымен қатар, қазақстандық мамандар Қиыр Шығысқа барып, ресейлік әріптестердің тәжірибесін үйренген. Жолбарыстар Қазақстанға жеткізілгеннен кейін де ресейлік мамандар оқыту семинарларын өткізіп, жануарларды табиғатқа жіберу және оларды бақылау жұмыстарына қатысады.
Жоба екі елдің бірлескен еңбегі ретінде жүзеге асады, сондықтан мамандар жолбарыстардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетініне сенімді.