Температуралық ауытқулар
Синоптиктердің мәліметінше, көктемнің екінші айында елде ауа температурасы құбылып тұрады.
"2026 жылдың сәуірі көктемге тән жылы ауа райымен басталады. Айдың алғашқы күндерінде күндіз ауа температурасы +15…+23°C-қа дейін көтеріледі, ал елдің оңтүстігінде +32°C-қа дейін жетіп, жазға ұқсас ыстық болады. Алайда бірінші онкүндіктің соңына қарай солтүстік-батыс өңірлерде суық қайта оралады: түнде ауа температурасы -5°C-қа дейін төмендеп, күндіз +5…+13°C шамасында болады. Орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста ыстық бәсеңдеп, +15…+23°C деңгейінде сақталады. Шығыс өңірлерде алдымен күн жылып, кейіннен қайтадан салқындайды". "Қазгидромет" РМК
Болжамға сәйкес, сәуірдің екінші жартысында республикада қайтадан жылы ауа райы орнығады.
"Солтүстікте, орталықта және шығыста ауа температурасы +25°C-қа дейін жылынса, оңтүстік пен батыста +35°C-қа дейін көтеріледі. Дегенмен қысқа мерзімді суық толқындары болуы мүмкін", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Күшті жауын-шашын
Синоптиктердің айтуынша, айдың басында батыс және солтүстік-батыс өңірлерде жиі жаңбыр жауады, кей жерлерде нөсер жаңбыр мен найзағай күтіледі.
"Басқа өңірлерде жауын-шашын айдың ортасы мен соңына қарай байқалады", – деп нақтылады мамандар.
Жалпы, болжам бойынша, Қазақстанда сәуір айы жылы болады. Жауын-шашынның негізгі бөлігі батыс және таулы аймақтарға түседі, ал қалған өңірлерде климаттық норма шегінде болады.