Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібінің кең көлемді мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің Қазақстанға жасайтын сапарының мазмұнына айрықша мән берді.
Қазақстан Президенті дәстүрлі қонақжайлық танытқан Владимир Путинге алғыс айтып, Ресей халқын Ұлы Жеңістің 81 жылдығымен құттықтады.
– Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Сізбен Мәскеуде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл «көзіміз жасқа толып» қарсы алатын мереке. Өйткені адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста опат болған батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Кеңес өкіметі Ұлы Отан соғысында фашизмді жеңіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан алпауыт ел болып шықты. Біріккен Ұлттар ұйымын құрушылардың біріне айналды. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлерімізді ардақ тұтамыз. Қазақстанда соғысқа қатысқан көзі тірі 57 майдангер қалды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент екі елдің сан қырлы ықпалдастығы жыл өткен сайын артып, барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айының соңына жоспарланған мемлекеттік сапарыңызға қызу дайындалып жатырмыз. Соңғы бес жылдың қорытындысы бойынша, Ресей – қазақ экономикасының ең басты инвесторларының бірі. Сауда-саттық та табысты дамып келеді. Алдын ала болжамға сәйкес, биыл тауар айналымы 30 миллиард доллар межесінен асып түседі. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Екі елдің білім беру саласындағы гуманитарлық байланыстарына айрықша тоқталсақ, «Сириус» мектептері Астана, Алматы және басқа да қалаларда ашылып, жұмыс істей бастады. Туризм де өте маңызды бағыт. Былтыр Қазақстанға саяхаттап келген туристердің саны жағынан Ресей бірінші орынға шықты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті саммиті табысты өтетініне сенім білдірді. Сондай-ақ Ресей Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары саяси және тарихи тұрғыдан маңызды уақиға болатынына назар аударды.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын жеткізді.
– Шын мәнінде, бұл қос халық пен біз үшін ең басты мереке деуге болады. Сіздің Мәскеуге келуге уақыт тауып, осы күндері бізбен бірге болғаныңыз Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қандай деңгейде екенін нақты көрсетеді. Мұның барлығы, көп жағдайда Сіздің мемлекетаралық байланыстардың дамуына қосқан үлесіңіздің арқасында жүзеге асып жатыр, – деді Ресей Президенті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары өңірлік және халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты.