Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 50 жастағы Рауан Ізбасаровқа қатысты іске нүкте қойды. Ер адам Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі – "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген жол қозғалысы ережесін бұзу" бойынша кінәлі деп танылды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
"Рауан Ізбасаров ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған бес жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру және бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесі белгіленсін", – деп үкімді оқыды судья Асланбек Дүйсенғалиев.
Қала тұрғындарын дүр сілкіндірген қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 қыркүйекте Мәншүк Мәметова көшесінде болған. Chevrolet Cobalt көлігін басқарған Ізбасаров жеке тасымалмен айналысқан. Ол Кердері көшесіне қарай солға бұрылу кезінде қарсы бағытта келе жатқан Toyota Mark X көлігіне жол бермей, салдарынан қатты соқтығыс болған.
Chevrolet көлігінің ішінде 41 жастағы Ақгүлім мен 32 жастағы Маржангүл Нұрғалиевалар отырған. Соққының қатты болғаны соншалық, әйелдердің аман қалу мүмкіндігі болмаған. Маржангүл сол күні жансақтау бөлімінде көз жұмса, әпкесі Ақгүлім бір аптадан кейін есін жимастан қайтыс болды. Марқұм Ақгүлімнің артында 15 жастағы ұлы мен екі жасар қызы қалды. Ал сіңлісі Маржангүл екі күннен кейін тұрмысқа шығуға тиіс болған.
Алқабилердің қатысуымен өткен сот отырыстары барысында айыпталушы кінәсін тек жартылай мойындаған. Ол жол апатына қатысқан екінші жүргізуші жылдамдықты асырды деп дәлелдеуге тырысқан. Алайда айыптау тарапы мен жәбірленушілердің адвокаттары бұл уәждерді жоққа шығарып, адам өліміне дәл Избасаровтың жол қозғалысы ережесін өрескел бұзуы себеп болғанын айтты.
Қаза тапқан әйелдердің туыстары жүргізушіге ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Марқұмдардың әпкесі сотта екі қызынан айырылған 75 жастағы әкесінің қайғыдан көру қабілетінен айырылғанын айтты.
Сот барлық тараптың уәжін тыңдап, алқабилердің шешімін ескере отырып, Рауан Ізбасаровты бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, ол жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ сот сотталған азаматтан жәбірленуші отбасының пайдасына моральдық өтемақы өндіру туралы талапты ішінара қанағаттандырды. Избасаров қаза тапқан әйелдердің отбасына 15 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге тиіс.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға жатады.