"Соза беруге болмайды": Президент Алатау қаласында нені шұғыл қолға алу керек екенін айтты

Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 2 маусымда Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Alatau city жобасына артылып отырған үміт жайлы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол жаңа қала салу туралы шешім экономикамызда күрделі жағдай болған кезде қабылданғанын еске алды.

"Бірақ біз бұл мәселеге байыппен қарадық. Асығыстыққа жол берген жоқпыз. Alatau city жобасы – шын мәнінде, жан-жақты зерделенді, пысықталды деп айтуға болады. Жалпы, әлемдік тәжірибеге қарайтын болсақ, дәл осы болашақ қалаларын салу арқылы ел дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруге зор мүмкіндік туады. Мысалы, Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон, тағы да бірқатар қаланың сәтті жобалар екені баршаға мәлім. Сол себепті біз де Alatau city жобасына зор үміт артып отырмыз. Бұл істе ең алдымен құқықтық сұрақтарды, жер және инфрақұрылым мәселелерін шешу қажет. Осы бастаманы іске асырудың бастапқы кезеңінде бірқатар негізгі бағытқа баса мән беруіміз керек".Мемлекет басшысы

Президент Конституциялық заң арқылы қаланы қарқынды дамыту үшін мықты құқықтық негіз қаланғанын атап өтті.

"Бірақ "арнаулы құқықтық режим бар, енді міндетті түрде табысқа жетеміз" деп ойлау қателік болар еді. Өйткені дәл осындай режим енгізілген экономикалық аймақтардың талай рет іс жүзінде нақты нәтиже бермегені белгілі. Сапалы институттар, ашық әрі тұрақты ережелер, дербес реттеу тетіктері болған жоқ. Соның салдарынан көптеген жоба ойдағыдай жүзеге асырылмай қалды. Бұдан тиісті сабақ алып, дұрыс қорытынды шығару қажет. Арнаулы режим тиімді жұмыс істеуі үшін біртұтас заңнама жүйесі қажет". Қасым-Жомарт Тоқаев

Оның айтуынша, қаланың іскерлік белсенділігіне және күнделікті тіршілігіне қатысты мәселелерді реттейтін ашық, айқын әрі сапалы құқықтық негіз болуға тиіс.

"Бұл жұмысты екі деңгейде атқару қажет. Біріншісі – негізгі қағидаларды белгілейтін конституциялық деңгей. Бұл мәселе өз шешімін тапты. Ал екіншісі – құқықтық реттеу деңгейі, яғни, экономикалық қызметтің әр саласы бойынша нақты заңнамалық тетіктер айқындалады". Мемлекет басшысы

Түптеп келгенде, оның сөзінше, мұндай жұмыс жүйесі құқықтық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді және орынсыз заңнамалық өзгерістерден қорғап, жедел және тез шешімдер қабылдауға ықпал етеді.

"Алатау жобасына қатысты реттеу актілерін әзірлеу барысында міндетті түрде осындай құқықтық жүйелерді құру ісінде мол тәжірибесі бар білікті шетелдік сарапшыларды тарту қажет. Қала әкімшілігі негізгі реттеу актілерінің барлығын бір жылдың ішінде қабылдауды жоспарлап отыр. Қаланы дамыту жөніндегі кеңес бұл істі мейлінше тез қолға алуы керек. Жұмысты соза беруге болмайды. Әйтпесе, инвестициядан құр қаламыз. Бизнес өкілдері де бізге сеніп отыр, сондықтан, бұл жұмысқа нұқсан келтіруге болмайды. Халықаралық инвесторлар қолайлы жағдай жасайды деп, жылдар бойы күтіп отырмайды. Олар қай жерде мол мүмкіндік болса, соған сай бірден шұғыл шешім қабылдайды. Алатау жобасына қатысты заңнамалық жұмыс жылдам әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет". Президент

Бұған дейін мемлекет басшысының Қонаев қаласының келбетін сынға алғанын жазғанбыз.

Қазақстан
Алматы облысы
Қасым-Жомарт Тоқаев

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматы маңында есірткі зертханасы жойылды: күдікті өмір бойына түрмеге тоғытылуы мүмкін

Найзағай, жаңбыр, бұршақ: 2 маусымда қай өңірлерде ескерту жасалды

Алматыда мұқтаж азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету ережесі өзгерді

"Қар, бұршақ, тұман". Еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанда 2025 жылы рақымшылық бойынша қанша адам бостандыққа шықты