Кездесу барысында министр талапкерді жоғары нәтижесімен құттықтап, бұл жетістік қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың, білімге деген ұмтылыстың нәтижесі екенін атап өтті.
"Бұл жетістік – табандылықтың, мақсатқа адалдықтың және үздіксіз еңбектің жемісі. Сенің нәтижең мыңдаған талапкерге үлгі болады деп сенемін. Алдағы студенттік өміріңе сәттілік, таңдаған мамандығыңда биік белестерді бағындырып, еліңнің дамуына үлес қоса беруіңе тілектеспін", – деді министр.
Кездесуге Әсетті қолдау үшін оның ата-анасы да қатысты. Министр оларға баласының білім алуына жағдай жасап, әрдайым қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, талапкердің жетістігінде отбасының тәрбиесі мен қамқорлығының орны ерекше екенін атап өтті.
Әсет Альтаир ҰБТ-ға дайындық тәжірибесімен бөлісіп, болашақ мамандығын таңдау туралы айтып берді.
Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Әсет Альтаир 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да "Математика – География" пәндер комбинациясын таңдап, алғашқы мүмкіндігінде 140 балл жинады. Сонымен қатар ол "Үздік аттестат" иегері.