Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат жаңа ережелермен басталды

Фото: Zakon.kz
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік 23 шілдеде өткен ОСК отырысында депутаттар сайлауына арналған сайлауалды үгіт-насихат жүргізудің жаңа ережелері туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, сайлауалды үгіт-насихат бүгіннен басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады. Биылғы сайлау науқанында заңнамаға енгізілген жаңа нормалар күшіне енді.

Атап айтқанда, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіруге және оны таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ қазіргі сайлау науқанына арналмаған үгіт материалдарын пайдалануға жол берілмейді.

Ләззат Сүйіндіктің сөзінше, бұл талап саяси партияларды көпшілік алдында қолдауды көрсетуге жол бермеуге, дауыс берудің еркін әрі құпия өтуін, сайлау процесіне қатысушылар үшін тең жағдайды және сайлаушылардың өз еркін дербес білдіруін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар үгіт материалдарын келісімшарт негізінде орналастыру туралы талап енді өздерінің интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға қолданылмайды.

Бұдан бөлек, сайлауалды үгіт материалдарына қойылатын қосымша талаптар енгізіліп, бұрынғы сайлау науқандарында пайдаланылған үгіт материалдарын қолдануға тыйым салынды.

Ләззат Сүйіндік бұқаралық ақпарат құралдарын сайлауды объективті жариялауға шақырып, кандидаттар мен партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жарияламауға үндеді. Егер мұндай материал жарияланса, кандидаттарға немесе олардың өкілдеріне дәл сондай көлемде тегін түрде теріске шығару жариялау мүмкіндігі берілуге тиіс екенін айтты.

ОСК мүшесінің айтуынша, сайлау науқанына дайындық аясында комиссия сайлау процесіне қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, 3 шілдеде саяси партиялардың өкілдеріне, ал 22 шілдеде Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мәселелері бойынша БАҚ өкілдеріне арналған семинарлар өткізілді.

Сөз соңында ол сайлау күні және оның алдындағы күні кез келген сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын еске салды. Сонымен қатар дауыс беру күніне дейінгі бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ кандидаттар мен саяси партияларды қолдауға бағытталған онлайн-дауыс берулерді жариялауға болмайды.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Төтенше жағдайлар вице-министрі тағайындалды

"Қазгидромет" Ақтөбе мен Атырау тұрғындарына ескерту жасады

"Қазақстанда 1 млн адам лудоман" деген ақпаратты Туризм министрлігі жоққа шығарды

Ақтауда жасартуға арналған заңсыз екпелерді қолданған медициналық орталық анықталды

"Бұршақ түсіп, тұман басады". Еліміздің 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды