Үкімет басшысы ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында ерекше назар аударылуы тиіс үш негізгі бағытты атады.
"Бірінші бағыт – жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтау. Бүгінде өңірлердің басым бөлігі жоспарланған жөндеу жұмыстарына кірісіп кеткен. Сондықтан әкімдіктер биылғы жобалардың орындалуын ерекше бақылауда ұстап, барлық жөндеу жұмыстарының белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар, 2027 жылға жоспарланған барлық өңірлік жобалар бойынша алдын ала дайындық жұмыстарын қазірден бастап жүргізіп, қажетті шараларды қабылдауды тапсырдым". Олжас Бектенов
Оның айтуыша, екінші бағыт – коммуналдық саланы цифрландыру үшін есептеуіш құралдарын толық орнату.
"Тұтынушылар толықтай есептеуіш құралдармен қамтамасыз етілмейінше, коммуналдық саланы толық цифрландыру мүмкін емес. Осыған байланысты Энергетика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, әр өңір бойынша қанша есептеуіш құралын орнату қажет екенін қысқа мерзімде анықтауы тиіс. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігімен бірге бұл жобаларды 2029 жылға дейін жүзеге асыруға арналған нақты іс-шаралар жоспарын бекітуді тапсырдым",- деді ол.
Белгілі болғандай, үшінші бағыт – коммуналдық қызметтерге төленетін тұрғын үй көмегін автоматты түрде тағайындау.
Олжас Бектенов бұл процесті толық автоматтандыру үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сондай-ақ жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
Оның айтуынша, қысқа мерзім ішінде бірыңғай есеп айырысу орталықтарын мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіру (интеграциялау) қажет. Бұл тұрғын үй көмегін тағайындау процесін жеңілдетіп, оны автоматты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.