Астана прокуратурасының мәліметінше, тергеу мен сот барысында 2020-2023 жылдары жедел жәрдем станциясының бұрынғы директоры көлік бөлімінің экс-басшысымен және қойма меңгерушісінің міндетін қатар атқарған бұрынғы бас механикпен бірге бюджет қаржысын жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталған.
Олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан жарамды жедел жәрдем көліктерінің саны 149-дан 32-ге дейін азайған.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 700 миллион теңгеден асқан. Оның ішінде 440 миллион теңгеден астамын сот сотталғандардан өндіру туралы шешім шығарды.
Прокуратураның хабарлауынша, жедел жәрдем көліктерінің жетіспеуіне байланысты такси қызметіне жұмсалған 300 миллион теңгеден астам қаражат азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндірілмек.
Сот үкімімен үш айыпталушы да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету") бойынша кінәлі деп танылды. Олар 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ әрқайсысына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.