Оқиға пробация қызметінің есебінде тұрған ер адамның тұрғылықты жерін тексеру барысында болған. Инспекторлар Ұлан Қожаев пен Нұрхат Әбенов үйге кірген кезде ер адамның қимылсыз жатқанын байқаған. Олар бірден жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер келгенше алғашқы көмек көрсеткен.
Инспекторлар ер адамды қырымен жатқызып, киімін ағытып, таза ауамен қамтамасыз еткен және жағдайын бақылауда ұстаған.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы ер адамды реанимация бөліміне жеткізді. Дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында оның жағдайы тұрақтанған. Қазір азаматтың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
49 жастағы ер адам тонау қылмысы үшін сотталған. Сот үкімімен оған бес жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Ер адамның айтуынша, ол бірнеше жылдан бері жалғыз тұрады. Сол күні өзін нашар сезінгенімен, одан кейін не болғанын есіне түсіре алмаған.
"Бұған дейін мұндай жағдайды ешқашан бастан өткермеген едім. Маған дер кезінде көмек көрсетіп, дәрігерлер келгенше қолдарынан келгеннің бәрін жасаған қызметкерлерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Егер сол сәтте жанымда ешкім болмағанда, салдары өте ауыр болуы мүмкін еді", – деді ол.
Пробация инспекторы Ұлан Қожаев мұндай жағдайда әр минуттың маңызды екенін атап өтті.
"Үйге кіріп, ер адамның ес-түссіз жатқанын көргенде жағдайдың шұғыл әрекетті талап ететіні бірден түсінікті болды. Уақыт жоғалтпай, жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келгенше оның қауіпсіз жағдайда болуын қамтамасыз етіп, жағдайын бақылауда ұстауға тырыстық. Біз үшін ең бастысы – адам өмірі", – деді инспектор.
Пробация қызметінің мамандары есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жеріне тұрақты түрде барып, олардың сот белгілеген міндеттерді орындауын бақылайды. Бұл жолы кезекті тексеру кезінде төтенше жағдай дер кезінде анықталып, ер адамға қажетті көмек көрсетуге мүмкіндік берген.