Halyqstan Telegram-арнасының мәліметінше, қайғылы жол-көлік оқиғасы 23 тамызда сағат 17:30 шамасында жеке секторда, Вильгельм Пик және Грибоедов көшелерінің қиылысында болған.
Қаза тапқан оқушы эндуро мотоциклін өзі жүргізіп, құрбысын мінгізіп алған.
"Оқиға куәгерлерінің айтуынша, екі қыздың жүріп келе жатқан жолына көлденеңінен трос немесе арқан тартылған. Оны жергілікті тұрғын керген. Осы жағдай қайғылы жол-көлік оқиғасына себеп болған", – делінген хабарламада.
Жантүршігерлік оқиғаның мән-жайын Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі түсіндірді.
"Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім үйдің маңындағы бағанаға байланған жылқының арқанына соғылу салдарынан өлімге әкеп соққан жарақат алған. Көлік құралын басқарған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Ал 15 жастағы жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді", – деді 24 тамызда 2026 жылы Zakon.kz тілшісіне ПД баспасөз қызметі.
Кәмелетке толмаған қыздың абайсызда қаза болу фактісі бойынша Риддер қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.
"Жануардың иесі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қылмыстық істің тергелу барысы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығының бақылауында", – деп толықтырды полиция.