Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Петропавлда синтетикалық есірткінің ірі партиясының таралуына жол бермеді.
Есірткі өткізді деген күдікпен Жамбыл облысының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол облыс орталығына тәулікке жалға алған Chevrolet Cobalt автокөлігімен кірмек болған.
Сурет: polisia.kz
Полиция қызметкерлері оны Оңтүстік бақылау-өткізу бекетінде тоқтатты. Автокөлік салонынан психотроптық зат салынған, алдын ала өлшеп оралған пакеттер табылып, тәркіленді.
Сараптама олардың жалпы салмағы 120 грамм α-PvP есірткісі екенін көрсетті. Жүргізуші аса ірі мөлшерде есірткі өткізді деген күдікпен ұсталды. Медициналық куәландыру оның каннабиноидтарды қолданғанын анықтады. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Оған 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жыл басынан бері СҚО полицейлері облыс орталығына есірткі жеткізудің 26 арнасының жолын кесті.