Өз сөзінде әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында өткен Педагогтердің тамыз конференциясында Адал, Күшті, Қауіпсіз және Таза Қазақстанның тірегіне айналатын адал әрі жауапты азаматтарды тәрбиелеу үшін ортақ жауапкершіліктің маңызын атап өткенін айтты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынды. Алматы бұл ауқымды жобаны жүзеге асыруда алдыңғы қатарда келеді", – деді Дархан Сатыбалды.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Бұған дейін Алматыда жалпы сыйымдылығы 24 300 орын болатын "Келешек мектептері" жобасының 14 мектебі пайдалануға берілген еді. Бүгін тағы 10 500 оқушыға арналған 7 жаңа мектеп, сондай-ақ "Зерделі" шағынауданында 550 орындық жалпы білім беретін мектеп оқушыларға есігін ашты.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар №160 мектеп қайта жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Бұдан бөлек, бұрынғы ғимараттың орнына 340 орындық №15 жаңа мектеп-интернаттың құрылысы аяқталып, №112 және №174 мектептердің қосымша корпустары пайдалануға берілді.
Осы жобалардың нәтижесінде қалада тағы 1015 оқушы орны құрылды. Осылайша, жаңа оқу жылы басталғалы Алматының білім беру инфрақұрылымы жалпы саны 12 065 жаңа орынмен толықты.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алатау ауданында бүгін үш жаңа білім беру нысаны ашылды. Солардың бірі – "Келешек мектептері" жобасы аясында салынған, 2 мың оқушыға арналған №230 мектеп.
Жаңа оқу жылында 11 496 бала мектеп автобустарымен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда мегаполистің білім беру жүйесінде 42 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Ал 32 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Дархан Сатыбалды жас ұрпақты тәрбиелеудегі ұстаздардың ерекше рөлін атап өтіп, мұғалімдерге мамандыққа деген адалдығы мен күнделікті еңбегі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ оқушыларға білімге ұмтылып, үнемі дамып, жаңа идеяларды батыл жүзеге асыруды тіледі.