Бұл туралы 1 қыркүйекте Qazaqstan Media жазды. Басылым мәліметінше, жантүршігерлік оқиға биыл сәуір айында болған. Алкоголь ішкен 40 жастағы Денис Исыпов егде жастағы ер адамды байқап, өзін волонтер ретінде таныстырған.
Ол қарияға бірнеше рет көмек ұсынған, мұны өзінің жұмысы екенін айтқан. Алайда зейнеткер көмектен бас тартқан. Соған қарамастан, Исыпов оның соңынан қалмай еріп отырған.
Қария екі келіден астам жүзім сатып алып, 3,5 мың теңге қайтарым ақша алған. Ол ақшаны кеудесіндегі қалтасына салған. Мұны байқаған Исыпов қайтадан оның соңынан еріп, азық-түлігін көтерісуге ұсыныс жасаған.
"Зейнеткердің үйінің жанында сотталушы одан ақша талап еткен. Ол үйіне дейін шығарып салғаны үшін ақы сұраған. Қария ақша беруден бас тартып, кіреберіске қарай бет алған. Исыпов та оның соңынан ерген. Жәбірленуші пәтердің жанында камера бар екенін ескерткен. Алайда ер адам өзінің волонтер екенін және ресми түрде жұмыс істейтінін айтып, ештеңеден қорықпайтынын жеткізген", – делінген хабарламада.
Үй иесі есікті ашқан кезде Исыпов шақырылмаған қонақ ретінде оның артынан пәтерге кіріп кеткен. Пәтер ішінде ол тағы да ақша талап еткен. Зейнеткер бас тартқан соң, шақырылмаған қонақ оның маңдайынан жұдырықпен ұрып, кейін басынан бірнеше рет соққы жасаған. Арпалыс кезінде жәбірленушінің оң көзіндегі протезін де саусағымен басқан.
Ас үйге барған Исыпов пышақ алып, енді өлтіремін деп қорқытып, ақша беруді талап еткен.
"Ендеше өлтір", – деп жауап берген зейнеткер.
Алайда Исыпов оны өлтіргісі келмейтінін, себебі сол үшін түрмеге түсуді қаламайтынын айтқан. Осыдан кейін ол жәбірленушінің оң құлағынан ұрған. Ақыры зейнеткер амалсыздан ақшасын "волонтерге" берген.
Алайда сотталушы пәтердегі басқа да құнды заттарды іздеп, тінтуді жалғастырған. Осы сәтті пайдаланған үй иесі кіреберіске жүгіріп шығып, есікті сыртынан жауып тастаған.
Қаны ағып жатқан зейнеткерді көршілері байқап қалған. Олардың бірі бұған дейін есік көзінен Исыповтың қарияны пәтерге сүйреп кіргізгенін, ал оның тұтқадан ұстап, қарсылық көрсеткенін көргенін айтты.
"Осы уақытта Исыпов пәтердің ішінде қамалып қалған. Ол бесінші қабаттың терезесінен шығып, су ағатын құбырмен төмен түсуді ұйғарған. Алайда құбыр шыдамаған, ер адам құлап кеткен. Оны ауруханаға жеткізіп, кейін полицияға тапсырған", – делінген хабарламада.
Сотта Исыпов кінәсін жартылай мойындап, әрекетін қайта саралап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Жәбірленуші де болған жағдайға қарамастан, Исыповты колонияға жібермеуді өтінген. Ол сотталушыға ешқандай талабы жоқ екенін және оның қоғамнан оқшауламай-ақ түзеле алатынын айтқан.
Алайда сот басқа шешімге келген. Денис Исыпов зорлық-зомбылық қолданып, тұрғын үйге заңсыз кірген тонау әрекеті үшін кінәлі деп танылды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде алты жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот залында-ақ қамауға алынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.