Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Елдің әр өңірінде мектептер, емханалар, мәдениет және спорт нысандары салынуда. Сонымен қатар ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол құрылысы жүргізіліп жатыр.
"Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек. Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын", – деді Тоқаев.
Президент тиісті талаптар мен ережелерді бұзған азаматтар заң аясында жазаланатынын атап өтті.
"Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, елдегі реформалар мен құрылыс жұмыстарының түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау.
Президент Астананың елдің басты қаласы әрі Қазақстанның айнасы екенін атап өтті. Оның сөзінше, елорданың көркейіп, жаңарып келе жатқаны қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен оның командасының еңбегінің нәтижесі.