Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдіктерге қалалардағы, сондай-ақ елді мекендерден тыс жолдардың сапасына баса назар аударуды тапсырды.
"Бұл – біздің ең осал тұсымыз, оны мойындаған жөн. Мұны ешкім шеше алмады немесе шешуге құлық танытпады. Масқара жағдай. Оны саботаж деуге болады. Заң аясында қатаң шаралар қолданамыз", – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент елордадағы Урбанистика орталығының тәжірибесін барлық өңірге таратудың маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, орталық қала кеңістігін дамытуда заманауи тәсілдерді қолданып, Астананың бірыңғай сәулет стилін қалыптастыратын үлгілер мен дизайн-код әзірлеп жатыр. Бұл жұмыста шетелдік тәжірибе де ескерілуде.
Тоқаев барлық өңірде осындай орталықтардың жұмысын жолға қоюды тапсырды. Олар қалалардың біртұтас әрі үйлесімді келбетін қалыптастыруға тиіс.
Президент сондай-ақ Қазақстанның цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытында нық қадам басқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасы аясындағы жүйелі саясат өз жемісін бере бастады.
"Оны өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Бұл акция немесе науқан өмір бойы жалғаспайды. Әйтсе де онда тұрған дәнеңе жоқ. Керісінше, оның жақсы тұсы көп. Ең бастысы, өркениет талаптарына сай болу үшін сана-сезімде сілкініс болуы қажет. Бұл – біздің саналы таңдауымыз. Басқаша болуы мүмкін емес", – деді ол.