КТК телеарнасының мәліметінше, ер адам мен қаза болған қыз есірткі заттарын қолданған болуы мүмкін. Оқиғадан кейін полиция қызметкері жұмыстан шығарылған. Кейін оған ҚР Қылмыстық кодексінің 370-бабы бойынша, яғни құқық қорғау органы қызметкерінің қызмет бойынша әрекетсіздігі үшін айып тағылған. Ауыр зардаптарға әкеп соққан бұл бап бойынша жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Алғашқы сот отырысы жабық режимде өтті. Сотталушының адвокаты іс материалдарында интимдік сипаттағы мәліметтер мен жеке хат-хабарлар бар екенін айтып, процесті жабық өткізуді сұрады. Сот өтінішті қанағаттандырып, журналистерден залдан шығуды сұрады.
Сот отырысына қаза болған қыздың анасы мен тәтесі қатысты. Олардың мүддесін облыстық прокуратура қорғайды. Қыздың туыстары бұған дейін журналистердің сот отырысына қатысуына рұқсат беруді сұраған.
Сотталушының адвокаты Әсет Түбеков:
"Менің қорғауымдағы адамға, сондай-ақ жәбірленушіге қатысты интимдік сипаттағы мәліметтер мен жеке хат-хабарлар іс материалдарында болғандықтан, сот талқылауын жабық өткізуді сұраймын", – деді.
Оқиғадан кейін бірнеше полиция қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қатаң сөгіс алған. Бөлім басшысы да жұмыстан шығарылған.
Қаза болған әйелдің артында бес жасар ұлы қалды. Оның туыстары бұрынғы полиция қызметкері қызметтік жағдайын пайдаланып кетуі мүмкін деп есептейді және оған тым жеңіл жаза тағайындалуынан қауіптенеді.
Оқиғаның мән-жайы мен сотталушының жауапкершілік деңгейін сот анықтайды.
2025 жылғы 1 қазанда Қарағандыдағы учаскелік полиция пункттерінің бірінен әйелдің мәйіті мен ес-түссіз жатқан полиция қызметкері табылған болатын. Сол кезде Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов тергеуге Ішкі қауіпсіздік департаменті қосылғанын хабарлаған.